Astana Open Dialogue жаңалықтары

Мәжіліс Спикері Astana Open Dialogue тең құрылтайшысы Александр Даниловты қабылдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Astana Open Dialogue тәуелсіз аналитикалық платформасының тең құрылтайшысы және Қоғамдық палата мүшесі Александр Даниловпен жастар саясатын жүзеге асыру, депутаттар мен сарапшылар қоғамдастығының өзара қарым-қатынасы және талдау орталықтарын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесудің басты тақырыбы еліміздегі талдау орталықтарының жұмысын күшейту болды. Александр Данилов ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды арттыру, олардың нәтижелерін мемлекеттік шешімдерді әзірлеуде жүйелі түрде қолдану, заңнамалық қызметке талдау орталықтарының сарапшыларын тарту бойынша шаралар қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ жаһандық жобаларды іске асыру үшін университеттермен және шетелдік әріптестермен бірлескен жұмысты дамыту қажеттілігі атап өтілді.

Жастар саясатын дамыту және жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған іс-шараларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Александр Данилов жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыру, жұмысшы мамандықтары бойынша даярлау жүйесін нығайту және өңірлер мен моноқалаларда жұмысты күшейту жөніндегі шараларды ұсынды.