Astana Open Dialogue тәуелсіз аналитикалық платформасының тең құрылтайшысы Александр Данилов 2026 жылғы 23 тамызда өткен сайлау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты болып сайланды.
Александр Даниловтың мемлекеттік басқару, қоғамдық-саяси коммуникациялар, жастар саясаты және азаматтық қоғамды дамыту салаларында көпжылдық тәжірибесі бар. Ол кәсіби қызметін қоғамдық секторда бастап, жастардың қоғамдық ұйымдарын басқарды, сондай-ақ жеке құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.
Ұзақ уақыт бойы консалтингтік қызметпен де айналысып, GR және IR бағыттарына маманданған жеке агенттігін дамытты.
Александр Данилов – Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қоғамдық палатасының және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамында болды.
2022 жылы Александр Данилов Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол жастар саясаты, мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылы, қоғамдық даму және ақпараттық жұмыс бағыттарына жетекшілік етті.
2025 жылғы қарашада Александр Данилов AMANAT партиясының хатшысы болып тағайындалды. Партиялық қызметі аясында ол идеологиялық және ақпараттық-медиалық жұмыстарды, жастармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестірді, сондай-ақ әлеуметтік және қоғамдық-саяси жобаларды іске асыруға атсалысты.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Данилов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Astana Open Dialogue ұйымының басқа да тең құрылтайшыларымен бірге «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Александр Даниловтың Құрылтай депутаты болып сайлануы оның мемлекеттік, қоғамдық, басқарушылық және консалтингтік салаларда жинақтаған тәжірибесін заң шығару қызметінде қолдануға мүмкіндік береді. Оның жастар саясаты, қоғамдық коммуникациялар және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл салаларындағы білімі қоғамның өзекті сұраныстарына жауап беретін практикалық шешімдерді әзірлеуге ықпал ете алады.