24 маусым күні Рим қаласында, Италия Республикасы Сенатының Sala Koch залында «ISIA Strategic Horizons: Italy–Asia Research Award» халықаралық сыйлығын тапсырудың ресми рәсімі өтті. Қазақстандық зерттеуші және Astana Open Dialogue ұйымының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі үйлестірушісі Әйгерім Смағұлова аталған беделді марапаттың лауреаты атанды.
Салтанатты рәсімге әртүрлі елдерден келген дипломаттар, іскерлік орта өкілдері, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Іс-шарада Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінің делегациясы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаевтың жетекшілігімен еліміздің атынан қатысты. Марапаттау рәсімі барысында награда ҚР Италиядағы Елшілігі арқылы табысталды.
Astana Open Dialogue ұйымы Әйгерім Смағұлованы халықаралық байқаудағы жеңісімен және «ISIA Strategic Horizons: Italy–Asia Research Award» атты мәртебелі сыйлықтың иегері атануымен құттықтайды. Бұл – ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейін және халықаралық қауымдастықтың мойындауын айқын көрсететін маңызды жетістік.