Astana Open Dialogue

Astana Open Dialogue Korea – Central Asia Cooperation Forum Secretariat өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді

Astana Open Dialogue жаңалықтары
Astana Open Dialogue аналитикалық платформасының өкілдері Korea – Central Asia Cooperation Forum Secretariat қызметкерлерімен онлайн-кездесу өткізіп, оның барысында тараптар өз қызметтерінің негізгі бағыттарын, сондай-ақ ықтимал ынтымақтастық форматтарын талқылады. Кездесуге Корея–Орталық Азия Ынтымақтастық Форумы Хатшылығының атқарушы директорының орынбасары Ли Бангбок, аға бағдарламалық қызметкер Пак Сомин, Қазақстан бойынша жобаның үйлестірушісі Әлия Әбенова, сондай-ақ Astana Open Dialogue ұйымының ұйымдастырушылық даму жөніндегі директоры Камиля Тлеубаева және халықаралық ынтымақтастық үйлестірушісі Айгерим Смагулова қатысты.

Кездесу аясында Astana Open Dialogue платформасының қызметі, аналитикалық жұмыстың басым бағыттары, халықаралық ұйымдармен және сараптамалық қауымдастықпен ынтымақтастық тәжірибесі таныстырылды. Koрея – Орталық Азия ынтымақтастық форумы хатшылығының өкілдері платформаның аналитикалық зерттеулерінің әлеуетін жоғары бағалап, өңірлік күн тәртібі аясында сарапшылар арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Талқылау барысында ынтымақтастықтың болашағына ерекше назар аударылып, сондай-ақ C5+ форматының өзектілігі сөз болды. Бұл формат шеңберінде Орталық Азия өңіріне деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өз ұйымдарының ағымдағы жобалары мен қызметі туралы ақпарат алмасты, аналитикалық материалдармен өзара бөлісуге уағдаласты және кәсіби байланыстарды жалғастырып, ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік білдірді.