Astana Open Dialogue

Орталық Азия – Еуропалық одақ Бірінші Саммиті қарсаңында Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ұсынымдар

Astana Open Dialogue мақалалары
Еуропаның Орталық Азияға деген қызығушылығының артуы аясында Ташкентте Орталық Азия мен Еуропалық Одақ Талдау орталықтарының форумы өтті. Іс-шараны Орталық Азия халықаралық институты ұйымдастырды, оған аймақ пен ЕО елдерінің жетекші сарапшылары, аналитиктері мен зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. Astana Open Dialogue іс-шара қорытындысы бойынша ұсынымдар дайындады.

I.Экономикалық интеграция және нарықтардың ашылуы
Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін мынадай шаралар ұсынылады:

  • Тарифтік емес кедергілерді жоюға, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және сертификаттау стандарттарын үйлестіруге бағытталған бірлескен платформалар мен тетіктер жасау.
  • Стандарттау және реттеу тұрғысынан жақындасу мәселелері бойынша ЕО мен ЕАЭО арасында жүйелі диалог ұйымдастыруды қоса алғанда, аймақтың кейбір елдерінің Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүшелігінің ерекшеліктерін ескере отырып, еркін сауда туралы келісімдерді (FTA) әзірлеу.
  • Аймақтың транзиттік әлеуетін жақсарту үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымға инвестиция салу, мультимодальды тасымалдау жобаларына және сауда рәсімдерін цифрландыруға жәрдемдесу.
  • Бірлескен стандарттар мен регламенттерді енгізу арқылы цифрлық сауданы ынталандыру.
  • Ауыл шаруашылығы, тоқыма және тамақ өнеркәсібі өнімдеріне ерекше назар аудара отырып, Орталық Азиядан ЕО-ға шикізаттық емес тауарлардың экспортын қолдаудың арнайы бағдарламасын іске қосу.

II.Визаны ырықтандыру және азаматтардың ұтқырлығы
Мынадай шараларды қабылдау ұсынылады:

  • Халықтың негізгі топтарына, оның ішінде кәсіпкерлерге, зерттеушілерге, инвесторлар мен студенттерге жеңілдетілген визалық рәсімдерді енгізу.
  • Бірлескен бағдарламалар мен бастамалардың белсенді қатысушылары үшін көп мәртелік ұзақ мерзімді (5-10 жыл) визалардың арнайы тетігін құру.
  • Орта мерзімді перспективада визасыз сапарларды енгізу перспективасымен визалық режимді одан әрі ырықтандыру бойынша келіссөздер жүргізу.

III.Гуманитарлық және білім беру ынтымақтастығы
Гуманитарлық өзара ықпалдастықты кеңейту үшін мыналар ұсынылады:

  • Erasmus+, Horizon Europe бағдарламаларын және осыған ұқсас жобаларды қаржыландыруды едәуір ұлғайту, қосымша гранттар беру мен тағылымдамалар ұйымдастыруды қамтамасыз ету.
  • Тұрақты даму, климаттың өзгеруі және цифрлық технологиялар бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру.
  • Өзара түсіністік пен мәдениетаралық алмасуға ықпал ететін мәдени жобаларды қолға алу, оның ішінде кітаптар мен фильмдерді аудару, бірлескен көрмелер, форумдар мен фестивальдер.

IV. Аймақтық қауіпсіздік және тұрақты даму
Мыналдарды жандандыру ұсынылады:

  • Терроризмге, экстремизмге және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен бастамалар, соның ішінде сараптамалық біліммен алмасу және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру.
  • Аймақтың тұрақты дамуына ықпал ете отырып, су ресурстарын және климаттың өзгеруі жағдайында экологияны басқару саласындағы ынтымақтастық.

V. Жоғары деңгейдегі бейресми топтарды қалыптастыру

  • Негізгі мәселелерді жедел шешу және күрделі мәселелер бойынша консультациялар өткізу үшін билік, бизнес және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен сараптамалық жұмыс топтарын құру.
  • Дербес байланыстарды нығайту және шешім қабылдауды жеделдету үшін тұрақты бейресми кездесулер мен форумдар өткізу.

VI. Парламенттік ынтымақтастықты күшейту

  • Орталық Азия мемлекеттерінің парламенттері мен Еуропарламент арасында парламентаралық кездесулер мен бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде өткізу.
  • Тұрақты бірлескен парламенттік комитеттер құру және сауданы дамытудың, нарықтарды ілгерілетудің өзекті мәселелері бойынша бірлескен тыңдаулар өткізу және т. б.

VII. Орталық Азияның Еуропадағы жұмсақ күшін дамыту

  • Мәдени іс-шаралар, көрмелер мен презентацияларды тұрақты түрде өткізу арқылы ЕО мемлекеттерінде Орталық Азияның мәдени мұрасын тануды арттыру.
  • Аймақтың зияткерлік әлеуетін ілгерілету үшін әдеби және ғылыми аударма жобаларын қолдау.

VIII. Медиа кеңістіктегі өзара іс-қимыл

  • Бірлескен медиа жобаларды жүзеге асыру және ұлттық телеарналар, радио және цифрлық платформалар арасында контентпен бөлісу.
  • Журналистер мен блогерлер арасында бірлескен оқыту бағдарламаларын дамыту және тәжірибе алмасу.
  • Аймақтың оң имиджін ілгерілету үшін медиа өнімдерді бірлесіп жасау жөніндегі бастамаларды іске асыру.

IX. Еуропалық құрылымдармен институционалдық өзара іс-қимыл

  • Еурокомиссиямен, Еуропа Кеңесімен және Еуропарламентпен жүйелі консультациялар мен стратегиялық диалог ұйымдастыру.
  • Экономика, заңнама, білім және мәдениет салаларында ЕО институттарымен жобаларды бірлесіп әзірлеу және іске асыру.
  • Тараптар арасындағы үйлестіруді жақсарту үшін тұрақты коммуникациялық арналар мен сараптамалық жұмыс топтарын құру.

Осы ұсынымдарды іске асыру ЕО мен Орталық Азия арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікке, екі аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігін және экономикалық өркендеуін нығайтуға ықпал етеді.