Astana Open Dialogue

Astana Open Dialogue өкілі халықаралық ISIA Strategic Horizons байқауының жеңімпазы атанды

Astana Open Dialogue жаңалықтары
Astana Open Dialogue ұйымының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі координаторы Әйгерім Смағұлова Италия мен Азия елдері арасындағы ғылыми-зерттеу бағытындағы ISIA Strategic Horizons: Italy–Asia Research Award халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Байқау Италиядағы Istituto Italiano per l’Asia (ISIA) аналитикалық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған.

ISIA байқауы Италия мен Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық қатынастарға арналған үздік зерттеу жұмыстарын қолдау бастамасы аясында өткізілді. Жоба академиялық ынтымақтастықты дамытуға және өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде энергетика, технологиялар және жасанды интеллект салаларын талдауға бағытталған.

Astana Open Dialogue ұжымы Әйгерім Смағұлованы беделді халықаралық байқаудағы жеңісімен құттықтап, оның жетістігін ұйымның халықаралық ғылыми-талдамалық бағыты үшін маңызды оқиға ретінде атап өтті. ISIA сарапшылары қатысушылардың жұмыстарын жоғары академиялық деңгейі, зерттеу тәсілінің жаңашылдығы және стратегиялық маңыздылығы тұрғысынан ерекше бағалаған.

Әйгерім Смағұлованың зерттеу жұмысы Қазақстан мен Италия арасындағы энергетика, жасанды интеллект және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың даму әлеуеттеріне арналды. Сонымен қатар зерттеуде цифрлық трансформация үдерістері мен технологиялық әріптестікті тереңдету мәселелері жан-жақты қарастырылған.

Әйгерім – саясаттану мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі. Astana Open Dialogue аясындағы кәсіби қызметінде ол халықаралық аналитикалық материалдарды әзірлеуге, сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен шетелдік серіктестер арасындағы стратегиялық диалогты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға атсалысады.