Жарияланымдар
Сауалнамалар

Орталық Азиядағы интеграцияның перспективалары мен кедергілері

2025-07-23 13:28
Astana Open Dialogue-тің «Орталық Азиядағы интеграцияның перспективалары мен кедергілері» тақырыбындағы жабық сараптамалық сауалнама нәтижелері бойынша аналитикалық шолу

Жабық сауалнама 2025 жылғы 9-16 маусым аралығында өткізілді. Зерттеуге саясаттану, экономика, мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар, әлеуметтану, білім беру, медицина және инфрақұрылымды дамыту салаларының 50-ден астам сарапшысы қатысты. Респонденттер арасында ғылыми және аналитикалық орталықтардың, мемлекеттік органдардың, университеттердің, қоғамдық қорлардың және жеке сектордың өкілдері болды. Оның ішінде, Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Парламент Мәжілісі, «Respublica» партиясы, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Surbana Jurong Group, Forest Hero, Kazakhstan Market Research Group, Cronos.asia порталы, ҚР Азаматтық альянсы, «Халықаралық әлеуметтану және саясат институты» ҚҚ, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығы және басқалары бар.

Сауалнама әдістемесінде шкалалық бағалау, таңдауға ұсынылған көптеген сұрақтар мен ашық пікірлер қамтылған. Сарапшылардан Орталық Азия елдерінің алдағы 10 жылдағы интеграция перспективаларын, мемлекетаралық қатынастардың тұрақтылығын, инфрақұрылымдық үйлесімділік деңгейін бағалап, негізгі кедергілерді, жақындасу драйверлерін және ықтимал экономикалық ынтымақтастық бағыттарын атау сұралды. Баллдық шкала бойынша сұрақтар 1-ден 5-ке дейін бағаланды, мұнда 1 — әлеуеттің болмауы немесе өте әлсіз жағдайды, ал 5 — жоғары әлеует пен айқын тұрақтылықты білдіреді. Сонымен қатар, қатысушылардан 2035 жылға дейін өңірдің ең ықтимал даму сценариін болжап, өңірлік субъектілік пен гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар беру сұралды.

ЖАЛПЫ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ КОНТЕКСТ

Сарапшылардың көпшілігі Орталық Азия интеграциясының алдағы 10 жылдағы перспективаларын орташа және жоғары деп бағалайды. Мысалы, респонденттердің 32%-ы 5 ұпайдың 4-ін берсе, тағы 16%-ы ең жоғары 5 ұпаймен бағалаған, бұл жалпы санның 48%-ын құрайды. Тағы 10%-ы перспективаларды 3 ұпай деңгейінде бағалады. Тек 2% ғана интеграцияның болашағы жоқ деп есептеп, 2 ұпай қойды; ноль немесе ең төменгі баға тіркелген жоқ.

Мемлекетаралық қатынастардың тұрақтылығы жөніндегі баға да сақ оптимизмді көрсетеді: сарапшылардың 56%-ы оларды «салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ бәсекелестік элементтері бар» деп санайды. Сонымен қатар, 2%- олардың жиі ауытқушылыққа ұшырайтынын, тағы 2% «сезімтал, сыртқы әсерге тәуелді» екенін атап өтті. Бұл деректер өңірдің сыртқы саяси факторларға әлі де сезімтал екенін көрсетеді.
Гуманитарлық бастамаларға аз мән беріледі: жастардың алмасуы мен бастамаларды сарапшылардың тек 4% ғана атап өткен. Орталық Азия елдерінің жақындасуына кедергі келтіретін тарихи шешілмеген мәселелердің ішінде көш бастап тұрғандар мыналар:

ЭКОНОМИКА, ЛОГИСТИКА ЖӘНЕ РЕСУРСТАР

Алдағы 5–10 жылда экономикалық интеграцияның ең шынайы бағыттары ретінде сарапшылар көлік дәліздерін біріктіруді (52%) және энергетикалық кооперацияны (48%) атап өтті. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік әріптестік (32%) пен сауда либерализациясы, оның ішінде еркін сауда аймақтарын құру (20%) идеялары да айтарлықтай қолдау тапты. Төлем жүйелері арқылы қаржылық интеграция (14%) мен бірлескен инвестициялық қорлар (12%) аса танымал емес. Білім беру (22%) мен технологиялар (18%) бағыттары да ішінара аталды. Ал металлургия (2%) төмен көрсеткішке ие болды, бұл саланың өңірлік кооперациялық әлеуетінің шектеулі екенін көрсетеді.
Аймақ елдері арасындағы инфрақұрылымдық үйлесімділіктің қазіргі деңгейіне берілген бағалар сарапшылардың сақ көзқарасын көрсетеді. Бар болғаны 8% респондент үйлесімділікті жоғары деп бағалаған. Көпшілігі (40%) оны орташа деңгейде деп есептесе, тағы 10% – бытыраңқы әрі бәсекелі деп сипаттаған, ал 2% – өте төмен деп бағалаған. Бұл көрсеткіштер үйлестірілген инфрақұрылымдық инвестициялардың қажеттілігін айғақтайды.

ИНСТИТУТТАР, САЯСАТ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ФАКТОРЛАР

Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерге сыртқы ойыншылардың ықпалына қатысты сарапшылар пікірі әркелкі болды. Респонденттердің тек 43,5%-ы ғана сыртқы алаңдар аймақтық тұрақтылық пен өзара байланысқа негізінен оң әсер етеді деп санайды. Ал 23,5% сыртқы ықпал ресурстарды шашырататынын және аймақтық басымдықтарды бұрмалайтынын айтқан. Тағы 23% ұйымдар, әсіресе ЕАЭО мен ҰҚШҰ тарапынан тежеуші факторлар бар екенін атап өткен. Сарапшылардың 10% бұл ықпал бейтарап немесе бірізді емес деп есептейді.
Халықаралық акторлардың Орталық Азиядағы аймақтық интеграция үдерістеріне әсері жөніндегі сарапшылар бағалауы қарама-қайшы болды. Аймақтың дербес интеграциясы идеясына қай халықаралық блоктар бәсекелес болып отыр деген сұраққа респонденттердің жартысынан астамы (50%) Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) атаған. Өңірлік дербес күн тәртібінің дамуын тежейтін басқа құрылымдар ретінде ҰҚШҰ (30%), Түркі әлемі (18%), сондай-ақ ШЫҰ, ТМД, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы және Еуропалық Одақ жиі аталған. Сарапшылардың едәуір бөлігінің пікірінше, бұл Қазақстанның сыртқы саяси міндеттемелердің тығыз желісіне кіріктірілген, және респонденттердің ойынша, бұл міндеттемелер көбінесе Орталық Азия ішіндегі дербес интеграциялық архитектураны іске қосу үшін қажет саяси және институционалдық назарды өзіне тартып отыр.

Бір қызығы, халықаралық блоктар мен державалар сарапшылар тарапынан кей жағдайда интеграцияны қолдайтын, ал кейде тежеуші фактор ретінде қарастырылады — бұл контекст пен мақсаттарға байланысты. Интеграцияны қолдайтын факторлар қатарында жиі Еуропалық Одақ, Қытай, Түркия және Ресей аталады. Бір респондент мынадай пікірін білдірді:
«Орталық Азиядағы интеграцияны қолдауға келесі факторлар әсер етеді: Қытай — инфрақұрылымдық жобалар арқылы («Бір белдеу, бір жол» бастамасы); Ресей — ЕАЭО және ҰҚШҰ арқылы; Еуроодақ — орнықты даму мен аймақтық ынтымақтастық бағдарламалары арқылы; Түркия — түркі мемлекеттерінің мәдени және саяси платформасы арқылы. Бұл елдердің барлығы аймақта өз стратегиялық мүдделерін көздеп, ықпалын күшейтіп келеді».
Қысқа жауаптарда да ЕО, ШЫҰ мен ЕАЭО сынды құрылымдардың қолдауы, сондай-ақ Қытай мен Өзбекстанның рөлі аталып өтті. Осылайша, сыртқы ойыншылармен көпжақты форматтарға қатысу аймақішілік байланыстарды нығайтуға бағытталған жағдайда интеграцияны ынталандыруы мүмкін.

Сонымен қатар, интеграцияны тежейтін факторлар жайлы сұраққа берілген жауаптарда сыртқы ықпалға қатысты пікірлер басым. Ресей мен Қытай өзара ықпал үшін бәсекелес держава ретінде жиі аталады, бұл стратегиялық текетірес аймақтық үйлестіруді әлсіретеді.
«Орталық Азиядағы интеграцияның баяулауына Қытай мен Ресей әсер етеді, олар аймақта ықпал ету үшін бәсекелесіп, аймақтық бірлікті әлсіретеді. Аймақ елдерінің ішкі айырмашылықтары — саяси режимдер, экономикалық даму деңгейі, су және шекара даулары — интеграцияны тежейді. Сыртқы акторлар әртүрлі мүдделер мен стратегиялық қысым арқылы бөліністі күшейтеді»
Сонымен қатар, респонденттер АҚШ пен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) әсерін, сондай-ақ Орталық Азиядан тыс аймақтардағы форматтардың (Қытай – Пәкістан – Ауғанстан), Ресей–Иран–Үндістан (INSTC, Транскаспий дәлізі – Өзбекстанды айналып өтетін бағыттар) барын да атап өтті. Бұл байланыстардың айтылуы сарапшылардың Орталық Азия аймағының сыртқы күштерге тәуелділігіне алаңдаушылығын білдіреді.

Сондай-ақ, ЕО+Орталық Азия, АҚШ+Орталық Азия саммиттері және ұқсас алаңдар сияқты арнайы сыртқы-саяси форматтардың қабылдануы жалпы жағымды сипатқа ие. Респонденттердің 73,3%-ы олардың әсерін «көбінесе оң» деп бағаласа, 23,3%-ы «бейтарап», тек 3,3%-ы «көбінесе теріс» деп көрсетті. Бұл сыртқы ойыншылармен институционалданған, алдын ала болжанатын өзара әрекеттесу форматтарының ресурс ретінде қабылданатынын растайды, әсіресе олар стратегиялық үстемдікке емес, диалогты, инфрақұрылымдық жобаларды және инвестицияларды қолдауға бағытталса,. Дегенмен, бәсекелестік пен қайталанатын стратегиялардың болуы аймақтың толыққанды субъекттігінің қалыптасуын шектейтін фактор болып қала береді.

Орталық Азияның халықаралық аренадағы субъекттігін күшейте алатын форматтар туралы сұраққа сарапшылар нақты пікір білдірді. Ең көп қолдау тапқаны — Орталық Азия мемлекеттерінің мемлекет басшылары кеңесі, оны қатысушылардың 63,3%-ы атады. ASEAN үлгісіндегі экономикалық блок (60%) та қолдауға ие болды. Респонденттердің жартысынан көбі, яғни 53,3%, Тұрақты үйлестіру хатшылығын құру идеясын қолдады, бұл ұстанымдар сабақтастығы мен келісілуін қамтамасыз ететін тұрақты әкімшілік ресурстың қажеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар, 36,7% аймақтық арнайы өкілдер, ал 20% СІМ деңгейіндегі дипломатиялық платформа енгізуді қолдады. Осылайша, респонденттер аймақтық өзара әрекеттің негізінде институционалдық негіздерді және аймақтың халықаралық алаңдардағы өкілділігін нығайту қажеттігін атап өтті.
Респонденттердің 86,7% Қазақстанның интеграциялық процестердегі рөлі туралы сұраққа, егер саяси ерік-жігер мен серіктестер тарапынан сенім қамтамасыз етілсе, еліміз модератор ролін атқара алады деп жауап берді,. Қалған 13,3% елдің осындай рөлді ішінара — негізінен институционалдық және инфрақұрылымдық база бар экономика және логистика салаларында атқара алатынын атап өтті. Бірде-бір сарапшы бұл мүмкіндікті толық жоққа шығармады. Қазақстан аймақтың мүдделерін келісіп, мемлекетаралық деңгейде күн тәртібін қалыптастыруға әлеуеті бар ең қолайлы фасилитатор ретінде қарастырылады. Алайда, сарапшылар атап өткендей, мұндай рөлдің әрі қарай іске асуы сенімге, инклюзивтілікке және өңірде үстемдік етуден бас тартуға байланысты.

ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ БАЗА

Сарапшылар пікірі аймақтық интеграция үдерісіндегі гуманитарлық өлшемнің маңыздылығын айқын көрсетеді. Респонденттердің әрқайсысы дерлік ортақ білім беру бағдарламалары мен алмасулар жақындасудың ең тиімді құралы деп санайды. Бұл жастар арасында ортақ құндылықтар мен көлденең байланыстар қалыптастыру механизмі ретінде қабылданатын білім дипломатиясына жоғары деңгейдегі сенімнің бар екенін білдіреді. Атап өту жағынан екінші орында – 66,7% дипломдар мен біліктіліктерді тану, бұл әкімшілік кедергілерді азайту және өңір ішінде мамандардың мобильділігін мойындау қажеттігін растайды. Респонденттердің жартысы ортақ ақпараттық кеңістіктің рөлін атап көрсетті. Бірыңғай мәдени күнтізбе мен фестивальдар, сондай-ақ жас көшбасшылық бағдарламалары біршама төмен болса да, маңызды ретінде аталды.
Аймақ елдерінің мәдени үйлесімділігіне қатысты бағалар әртүрлі болғанымен, жалпы ахуал оң. Респонденттердің 40% оны өте жоғары деп санаса, 46,7%-ы – мәдени айырмашылықтар элементтері бар орташа деңгейде сипаттайды — яғни, айырмашылықтардың бар екенін мойындайды, бірақ оларды фатальды деп есептейді. Тек 13,3%-ы саяси және тілдік алшақтықтар салдарынан үйлесімділіктің төмендейтінін айтады. Осылайша, тілдік және медиа саясаты саласындағы күш-жігерді, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени негіздерді түсінуді талап ететін мәдени жақындасуға арналған іргетас бары анық байқалады.

«Орталықазиялық қауымдастық» деп аталатын біртұтас аймақтық бірегейлікті қалыптастыру мүмкіндігі туралы сұраққа пікірлер әртүрлі, бірақ шынайы-оптимистік баға басым. Сарапшылардың 40%-ы белсенді гуманитарлық саясат жағдайында консолидацияға жетуге болатынына сенеді, тағы сондай мөлшердегі респонденттер бұл ұзақ мерзімді перспективада мүмкін дейді. Тек 20% ғана ұлттық ерекшеліктер басым деп санайды, яғни жалпы өзін-өзі тану идеясының жүзеге асуы екіталай. Бұл пікірлер бірегейлік дайын құрылым емес, мақсатты мәдени және институционалдық күш-жігердің нәтижесі екенін, оның табысы саяси ерік, ашық диалог және ортақ гуманитарлық кеңістікке салынған инвестицияларға байланысты екенін стратегиялық тұрғыдан түсіндіреді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Сауалнама нәтижелері бойынша аймақтық интеграцияны нығайтуда бірнеше бағыт анықталды. Жиі кездесетін ұсыныстар – көлік-логистика бастамаларын дамыту, атап айтқанда, инфрақұрылымды жетілдіру, кедергілерді жою және аймақ елдерімен байланысты қамтамасыз ету.
«Біріншіден, көршілес елдермен көлік-логистикалық байланыстарды күшейтіп, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту керек. Екіншіден, аймақ ішіндегі сауда кедергілерін алып тастап, ортақ нарықтар құру арқылы экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету қажет»
Екінші маңызды ұсыныстар тобы гуманитарлық салаға қатысты: мәдени жобалар, білім беру алмасулары және «жұмсақ күшті» күшейту. Кейбір респонденттер тұрақты ынтымақтастықтың қажетті шарты ретінде гуманитарлық негіздің маңыздылығын атап көрсетеді.
«Қазақстан бірдей шарттарда бірлескен жобалардың бастамашысы болуға тиіс, бұл үстемдік күдігіне жол бермеу үшін маңызды. Әсіресе нақты инфрақұрылымдық және гуманитарлық бастамалар тиімді болуы мүмкін, себебі олар саяси мәлімдемелерге қарағанда аймақты біріктіруге сенім мен практикалық негізді жылдамырақ қалыптастырады.»
«Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін экономикалық интеграцияның дайын схемаларын алып, ОА елдері кеңестік кезеңнен оқшауланып, жан-жаққа бытырап кетті. Қазір, бостандық эйфориясы өткен кезде, елдердің басшылары мен халық интеграцияның маңыздылығын түсініп отыр. Тіл, мәдениет және аумақтың ортақтығын ескерсек, байланыс әрқашан күшті болады. Мемлекеттер тек оны жүйелендіріп, win-win пайдасын көруі қажет»
Кейбір сарапшылар көпжақты блоктар шеңберінен тыс аймақтық бағыттағы мақсатты жұмысты күшейту және көрші елдердегі Қазақстанның дипломатиялық корпусын нығайту сияқты дипломатиялық және институттық аспектілерге баса назар аударады.
«Орталық Азия бойынша өзара әрекеттестікті күшейту, бірақ жалпы ұйымдар (мысалы, ТМД және басқалары) аясында емес, тек Орталық Азия елдеріне бағытталған мақсатты жұмыс жүргізу. Орталық Азия елдеріндегі дипломатиялық корпусын нығайту және дипломатиялық каналдар арқылы жұмысты белсендіру»
Сонымен қатар, жауаптарда технологиялық ұсыныстар да айтылды: энергетикалық қуаттарды дамыту, біріккен энергетикалық жүйеге қатысу, процедураларды цифрландыру.
«Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесіндегі өз бөлігінде үлкен энергия артықшылығын құру. Өз аумағында Орталық Азияны үшінші елдермен байланыстыратын халықаралық тасымал маршруттарының өткізу қабілетін барынша кеңейту»
Кейбір сарапшылар Қазақстан қазіргі уақытта аймақтық интеграция үшін жеткілікті жұмыс істеп жатқанын, алайда жұмсақ саяси құралдарға көбірек көңіл бөлу қажет екенін ескертеді:
«Қазақстан қазіргі таңда айтарлықтай көп шаралар қабылдауда, бәлкім мемлекет басшылары арасындағы бейресми байланыстарды күшейте алар» деген пікір айтылды»
Осылайша, респонденттердің арасында аймақтық интеграцияның табысы инфрақұрылымдық дайындық, мәдени жақындық, дипломатиялық белсенділік және көршілес елдердің мүдделеріне прагматикалық көзқарастың үйлесіміне байланысты деген тұрақты түсінік қалыптасқан. Сарапшылар пікірінше, Қазақстанда қажетті ресурстар мен беделдің бір бөлігі бар, ал келесі қадам – жүйелі, икемді әрі белсенді аймақтық стратегияны күшейту.

Интеграция үдерісінде саяси мәлімдемелер мен нақты экономикалық іс-шаралар арасындағы алшақтықты жоюға қатысты негізгі қадамдар бойынша жауаптарда пікірлер бірнеше категорияға бөлініп отыр:
Институционалдық тетіктер мен шешімдерді іске асыру санаты жауаптардың 26,4%-ында аталған. Сарапшылар келісімдерді орындаудың тұрақты жүйесін, жол карталарын, үйлестіру және тұрақты бақылау тетіктерін құру қажеттігін атап өтеді. Екінші орында (13,2%) – кедергілерді азайту және сауда шарттарын үйлестіру тұр. Кедендік және техникалық рәсімдерді жеңілдету, стандарттарды біріздендіру және тарифтік емес шектеулерді жою – нақты интеграцияны іске қосу үшін аса маңызды қадамдар деп есептеледі.

Одан кейінгі орында – аймақ елдері арасындағы саяси ерік пен сенім категориясы (9,4%). Респонденттер техникалық және экономикалық шешімдер болғанның өзінде, сенімге негізделген орта мен нақты саяси ерік-жігерсіз интеграция мүмкін емес екенін атап өтеді. Олардың бірі былай дейді:
«Экономистер, саясаткерлер мен ОА студенттері оқшауланбай, көзқарас алмаса алатындай, офлайн форматтағы іс-шараларды көбейту керек»
«Авторитарлық режимдерге жұмыс істейтін институттарды құру оңайға соқпайды. Негізінде, АСЕАН Қытайдың саясатына жауап ретінде авторитарлық мемлекеттер тарапынан құрылған. Орталық Азия елдерінің АСЕАН елдеріне қарағанда ортақ тұстары көбірек»
Сарапшылардың 3,8%-ы үш санатты атап өтті: аймақтың тұрақтылығы, экономикалық интеграция, ортақ мүдделер мен мақсаттар.
«Қазақстандық банктердің, оның ішінде Қазақстанның Даму банкі мен «Сұңқар» төлем жүйесінің аймақтағы қатысуын күшейту»
Инфрақұрылым мен логистика маңызды болуына қарамастан, олар тек 1,9% жауапта аталды. Ал 5,7%-ында ұсыныс ерекше болып шықты және бар санаттарға келмейді.
«ОА елдерінің тарихи рөлі мен ортақ тарихи мұраны дамыту арқылы туристік кластерді дамыту»
«ОА-ның әрбір елі өз ұлттық мүддесіне сүйене отырып, аймақта еңбек бөлінісінің бар екенін мойындап, ЕО елдері сияқты оны нақты қолдануы қажет»
«Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін жүк көліктері үшін шекарадан өту тәртібін жеңілдету, Орталық Азия елдерінің салалық мемлекеттік органдары мен кәсіпкерлері қатысатын Бизнес кеңесін құру бастамасын көтеру, сондай-ақ бір-бірінің экономикасына құйылатын инвестиция көлемін өзара арттыру»
Сауалнама нәтижелері сарапшылардың Орталық Азияның жақын болашағын идеологиялық үлгілер емес, прагматизм мен аймақтық мүдделер тұрғысынан қарастыратынын көрсетеді. Респонденттер ең ықтимал сценарий ретінде прагматикалық экономика негізіндегі интеграцияны атайды. Сарапшылардың жартысы алдағы он жылда ОА елдері арасындағы ынтымақтастық көбіне экономикалық мүдделерге — көлік, сауда, ресурстар мен логистикаға — негізделіп, өзара тиімділікке құрылатынына сенімді. Бұл үдеріс терең саяси интеграцияға емес, нақты пайдаға бағытталады.
Танымалдығы жағынан екінші орында ортақ институтсыз мүдделерге негізделген альянстар нұсқасы, оны сауалнамаға қатысқандардың 33,3%-ы таңдаған. Бұл сценарийде шешім қабылдайтын ортақ орталық немесе үйлестіруші орган болмайды, алайда аймақ елдері арасында олардың нақты басымдықтары мен жағдайларына байланысты уақытша әрі икемді ынтымақтастық форматтарына жол беріледі.
«Ортақ институтсыз мүдде альянстары ішінара жүзеге асуда (мысалы, Түрікменстан көптеген форматтарға қатыспайды), бірақ 2020-шы жылдардан бастап, әсіресе Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан арасында жақындасу үрдісі байқалады. Қалған бағыттар – онша ықтимал емес»
Бәсекелестік пен блоктық бөліну сценариін 10% қолдаса, сыртқы ойыншылардың үстемдігіне қайта оралу – 6,7% жауап алды. Бұл сыртқы тәуелділік пен геосаяси турбуленттік қаупі бар болғанымен, сарапшылар аймақтың үлкен тәуелсіздігі мен ішкі прагматизм бағытында дамитынына сенімді екенін көрсетеді. Респонденттер сондай-ақ аймақ елдеріне сыртқы инвестор үшін бәсекелестіктен аулақ болу және валюталық саясатқа назар аудару маңызды екенін атап өтті.

Қорыта айтқанда, сарапшылардың басым бөлігінің пікірінше, 2035 жылға қарай Орталық Азия интеграциясы институционалдық жағынан терең болмайды, бірақ ортақ мүдделер, икемділік пен сараптамалық негізге сүйенген экономикалық маңызы зор процесс болады.

ФАЙЛДЫ ЖҮКТЕУ